Өнер - ағып жатқан бұлақ, Ілім - жанып тұрған шырақ

Қазақстан Республикасы "Ақтөбе қаласының білім бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "№34 орта мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Ақтөбе қаласы, Әбілқайыр хан даңғылы 7 Қабылдау бөлмесі: 8(7132) 73-05-86

Директор: 8(7132) 73-05-85

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРЫ

       Ұстаз… Қандай қасиетті де қадірлі сөз! Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – ұстаз. «Ұстаздан тәрбие алған», «ұстаздың алдын көрген» деген сөздер «ана тәрбиесін алған» деген сөзбен ұштасып тұрғандай. Алғаш рет қолыңа қалам ұстап, өмірге бейімдеп, әлемді танып, қыр-сырын меңгеруге, өмірдің сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңді нұрландырып, адамдыққа баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алатыны шындық. Ұстаз әр баланың жеке тұлға болып қалыптасуы үшін өз үлесін қоса отырып, жүрегіне білім нәрін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты үлкен ғаламға қанатын қатайтып ұшырады. 
     Тәуелсіздікпен бірге қалыптасып, қатар өсіп келе жатқан қара шаңырағымыздың биыл 30 жылдық мерейтойы. Мектебіміздің тарихынан сыр шертсек, 1991 жылдың
1 қыркүйегінен бастап қазақ орта мектебі статусын алған №34 орта мектебі талай белестерден өтті. Мектептің алғашқы директоры Қорғанбаев Аманжол Салимович қаламыздағы қазақ мектебі болып ашылған білім ордасының өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосты. Аманжол Салимович елеулі еңбектерінің нәтижесінде «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» атағына, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісіне, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медаліне ие болып, құрметті зейнеткерлік демалысына шықты.
      Одан кейін басшылық тізгінін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, бірнеше жыл директордың орынбасары қызметін атқарған, тәжірибелі ұстаз Дәмелі Қойбаққызы алды. Қазіргі кезде Алима Жолмуратовна басқарып отырған білім ордасында бар өмірін ұстаздық жолға арнап, қаншама шәкірттерге жол сілтеп, ғылым мен білім, өнер әлеміне қанат қақтырған ұстаздарымыздың арқасында мектебіміздің абыройы артып, даңқы биіктеп келеді.
      Мектепте 56 мұғалім жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта мектептің оқу-тәрбие жұмысын директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Бекбулатова, директордың әдістеме ісі жөніндегі орынбасары Г.Сатыбалдина, директордың бастауыш кластар жөніндегі орынбасары С.Сарсенгалиева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Утебаева, директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары З.Мырзатаева басқарып келеді. Мектепте 9 әдістемелік бірлестік жұмыс жасайды. Бірлестік жетекшілері: Х.Бекмуратов, Б.Жуманиязова, Ж. Абдраухова, Г.Баймұханова, Р.Алгазина, К.Какенова, А.Ғазизова, А.Есеркенова, С.Дәулетбай.
   «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» дегендей, бойындағы бар асыл ізгі қасиеттерін шәкірт бойына сіңіріп, жылдар бойы тер төгіп келе жатқан С.Сарсенгалиева , К.Сагинтаева, Г.Төленияз, Б.Жуманиязова, А.Айжарикова, Х.Бекмұратов, Р.Алгазина, А.Джаксыбаева, К.Утарбаева, Ж.Карашолакова сияқты озық тәжірибелі ұстаздарымыздың еңбегі ерен.
   Білім беру саласында тынбай еңбек етіп, өз ісін жетік меңгерген Ж.Абдраухова, А.Бекбулатова, К.Какенова, Г.Сатыбалдина, Г.Азаматова, А.Кунратбаева, А.Жасаганбергенова, А.Жонысова, А.Кубланова, Н.Батыршин, С.Кожабеков, А.Оразова, Г.Демеубаева, Г.Баймуханова, Т.Жусиповадай ұлағатты ұстаздарымыз білімді, білікті шәкірттер тәрбиелеп, әр баланың жүрегінен орын ала білді.
     Оқушыға сапалы білім берумен қатар саналы тәрбие беру жолында Б.Утебаева, О.Абдуллин, А.Ахатова, А.Ғазизова, А.Турикпенбаева сынды жас мұғалімдер де алғашқы еңбек жолын осы мектептен бастап, әлі күнге дейін қызмет етіп келеді.
    «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім…»,- демекші, мектебіміздегі мұғалімдердің педагогикалық жолындағы үлкен ізденісі мен білім саласындағы адал қызметтерінің нәтижесі де елеулі болды.
     IV Республикалық «Үздік сынып жетекші» олимпиадасына мектебіміздің 26 класс жетекшісі қатысып, жүлделі І,ІІ,ІІІ орындармен марапатталды және мектебіміз «ҮЗДІК ҰЖЫМ» номинациясын иеленді. Білікті ұстаздарымыз қалалық, облыстық, республикалық көлемдегі әр түрлі мен байқаулар мен сайыстарға, олимпиадаларға қатысып, біраз жетістіктерге қол жеткізді.
     Бірқатар мұғалімдеріміз үздік қызметкер ретінде танылып, «Алтын кітап» республикалық білім және мәдениет саласындағы үздік қызметкерлер энциклопедиясына енді. «Асыл ұстаз», «Тағылым» республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарына мақала, баяндама, ашық сабақтар жариялады. Сонымен қатар, ұстаздарымыз педагогикалық іс-тәжірибелерімен бөлісу мақсатында облыстық, республикалық көлемдегі әдістемелік құрал мен электронды орта шығарып, түрлі әдістемелік семинарлар мен ғылыми-практикалық конференцияларға қатысты. Мектебіміздің шығармашылық ізденістегі ұстаздары «Қазақстан ұстазы», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «География және тарих», «Ізденіс», «Химия және биология», «Математика және физика», «Педагог хабаршысы», «Ұстаз тілегі», «Білім жолы», «Бастауыш мектеп» сияқты республикалық педагогикалық ғылыми-әдістемелік журналдарға жұмыстарын жариялап, іс-тәжірибелерін таратты.
        30 жылдық тарихы бар киелі білім ордасынан 1366 шәкірт түлеп ұшты. Оның ішінде 56-сы алтын белгі иегерлері. «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан», – деп ұлы Абай атамыз айтқандай, бар өмірін саналы, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұстаздарымыздың мектептен түлеп ұшқан шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде биіктерден көрініп, беделді жерлерде қызмет атқарып жүр. Атап айтсақ, Ә.Султанова Қазақстандағы БҰҰ өкілі, А.Байқазақов кино саласында белгілі актер, А.Таңатов Будапешт қаласындағы Кароли Гашпар университетінің студенті, Түркі кеңесі мәдени іс-шаралар ұйымдастыру бөлімінің қызметшісі, Ж.Жұбанқосов атақты мүсінші, Ақтөбе қаласындағы Абай ескерткішінің авторы, Е.Құдайберген Ақтөбе облыстық сотының бас маманы, Ж.Чапаева «Рика» телеарнасының ақпараттар бөлімінде журналист, Н.Абілхайырова Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің 3 курс студенті, «ең үздік Б.Төлегенова репертуарынан ария орындаушы» арнайы сыйлығының иегері, Р.Төреғали «Ақтөбе қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ бөлім басшысының орынбасары, В.Есеева АО Еуразиялық банкте транзакциялық бизнес басқармасының бастығы орынбасары, Н.Елеусизов Ақтау қаласы 30153 әуе-қорғаныс күштері әскери бөліміне «авиациялық қозғалтқыштарды регламенттеу» топ басшысының орынбасары, Г.Саламас Нұр-сұлтан қаласындағы Өнер Университетін бітіріп, қазір Ақтөбе облыстық филармониясында әнші болып қызмет етеді.
          Жеке кәсіп саласында жүрген О.Құдайберген, С.Сисеналин, А.Анис сияқты түлектеріміз әлі күнге дейін мектеппен байланысын үзбей, қазіргі мектеп оқушыларына демеушілік көрсетіп, мектеппен үнемі тығыз қарым-қатынаста.
        Қазіргі таңда мектепте 654 оқушы білім алып жатыр. Олардың ішінде қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген дарынды, талантты оқушыларымыз да бар. Қорғантаев Махамбет, Зайнулла Аружан «Елбасы Медалі» жобасының қола медаль иегерлері.
      Елбасының: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тəрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр», – деген сөзіне біздің ұстаздар қауымы үлкен жауапкершілікпен қарап, әрқашан өскелең ұрпаққа саналы тәрбие мен білім беру, тынбас еңбек пен үздіксіз ізденіс жолында шығармашылық білімін шыңдай бермек. Шәкірттерін сарқылмас білім нәрімен сусындатып отырған жаңашылдыққа, шығармашылыққа жаны құштар тәуелсіз еліміздің ұлағатты ұстаздары арқасында алтын ұямыздың тұғыры биік, абыройы асқақ болатынына сенімдімін.
     Тарихқа бай киелі қара шаңырағымыз №34 орта мектеп биыл өзінің мерейтойын тойлағалы отыр. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған мектебіміздің мерейі үстем болсын! Мектебіміздің білімді, дарынды шәкірттері мен шығармашыл, беделді ұстаздары көбейе берсін! Жаңа заманға қадам басқан Қазақстанның өскелең ұрпақтарын тәрбиелеу жолында ұстаздарымызға үлкен жетістіктер мен биік белестерді бағындыратын шығармашылық табыс, қажымас қайрат тілеймін!

Алима Айзакова

№34 орта мектебінің директоры

      Биылғы жыл – біз үшін ерекше жыл. Ерекше болатындығы – мектебіміздің 30 жылдық мерейтойы. Қаламыздағы ең үздік білім ордаларының бірі, осыдан отыз жыл бұрын оқушыларға құшағын айқара ашқан еді. Бұл мектеп- «Өткеніміз – өнеге, күткеніміз – келешек» дегендей жас ұрпақтың жүрегіне ыстық сағыныш ұялатып, білім мен тәрбие нұрын таратумен келе жатқан білім ұясы.
      Әр жыл сайын мектептен түлеп ұшқан шәкірттер ұстаз еңбегін ақтап, аға буын салған жолды абыроймен жалғаса, мектептің ғана емес, 30 жылдық мерейтоймен тұспа тұс келіп отырған Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышына айналса, ең үлкен қуаныш – сол болмақ!
      №34 орта мектебінің мәртебесі асқақтап, талантты , талапты шәкірттері көбейе берсін. Мектеп қабырғасындағы аянбай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздар, еңбектеріңізге жеміс тілейміз!
      Сіздердің осы бағыттағы еңбектеріңіз жана берсін! «Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті» десе, аттарыңызды әлемге паш ететін талантты , білімді шәкірттеріңіз көбейе берсін деген ыстық ықыласымды білдіре отырып, мектебіміздің мерейлі мерекесіне оқушылардың жазған жүрек жарды арнау өлең жолдарын ұсынғалы отырмыз.

№34 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Машимова А.А.

Мектебім

Алтын ұя мектебім,

Сенен өсіп көктедім.

30 жылдық тарихың,

Құтты болсын мектебім!

 

Сенен шықты ғалым да,

Сенен шықты ақын да.

Сенен өсіп ер жетті,

“Қазақ”деген ер тұлға!

 

Жасай бер мәңгі мектебім,

Білім орда мекенім!

Ұрпақтарды тәрбиелеп,

Биік шыңға жетелеп.

 

Мәңгілік болсын тарихың,

Ұрпақтардың ұясы.

Сенен өсіп ер жеткен,

Әрбір қазақ баласы.

Конысбаева Азель

3 “А”класс оқушысы

30 ЖЫЛ

30 жыл толып еліме,

30 жыл теңдік таңы атты.

30 жыл толып мектепке,

30 жыл білім нұр шашты.

 

Елім, мектеп егізім,

Екеуі де мекенім.

30 жылдық тарихың,

Шәкірттің жүрер есінде.

 

Елімнің көк аспанын,

Бірлік пен бейбіт торласын.

Алтын ұя мектепті,

Білімді шәкірт жауласын.

Кадирбекова Айару

2 “А”класс оқушысы

Нұрлы ұям

Ақтөбемнің отыз төртінші мектебі,

Алтын ұям, жұмақ бағым, құт босағам.

Білімге бастау алдым осы арадан,

Жалықпай табасың деп сен үйреттің,

Шешуін қиындықтың тосар алдан.

Отыз жылдық мерейтойың құтты болсын,

Шуақты, құшағы құт, нұрлы ұям!

Тілекқабыл Жанарыс

3 “А”класс оқушысы

Киелі жер

Білім- теңіз, мектеп- бейне кемедей,

Ешбір адам қалмас мұны елемей.

Сан адамды сусындатқан біліммен,

Мектептердің қызметі телегей!

 

Құттықтаймыз мерекемен дүбірлі,

Мектебіміз алсын биік тұғырды!

Болашақта тұлға болсын білімді,

Оқушылар оқып жүрген бүгінгі!

 

Мектеп деген киелі жер ол нағыз,

Мектеп көрген деген сөзде бар маңыз.

30 жылдық мерекесін тойлауда,

Биылғы жыл біздің асыл ордамыз!

Куанов Елхам

3 “А” класс оқушысы

Алтын ұям

Бұл мектепте бақыттымыз, балалар,

Шыққан талай ең білімді даналар.

Құттықтаймын 30 жылдық

тойыңмен,

Мектептегі ағайлар мен апайлар!

Сен де оқыдың, білім алып көктедің,

Өтті талай қыс пен жазың, көктемің.

Құтты болсын 30 жылғы мерекең,

Мен оқитын алтын ұя мектебім!

Зейнолла Салауат

2 “Б”класс оқушысы

Тәуелсіздік-киелім

Тәуелсіздік-киелім,

Жан тәніммен сүйемін.

Бабадан қалған аманат,

Өзіңе бас иемін!

 

Тәуелсіздік-өзіңмен,

Құрдас еді мектебім.

Тілеуіңді тілеумен,

Мен өзіңнен көктедім.

 

Алтын ұя мектебім,

Саған куә өткенім.

Әбілхайыр бабамдай

Рухы биік, текті едің.

Ибрагимов Мұстафа

3 “Ә” класс оқушысы

Мектебім

Отыз жылдық құтты болсын

мектебім,

Жырлайын мен бүгіні мен өткенін.

Сан шәкіртке білім нәрін құйғансың,

Алғысым да, айтарым да көп менің.

 

Нөмірі отыз төрт мектебім өркенде,

Жеңістермен Ақтөбемді көркемде.

Үшінші “А”сыныбынан құттықтау,

Қошеметке бөленетін төр сенде!

Жеңісбек Айсұлтан

3 “А”класс оқушысы

Мектебіме 30 жыл.

Білімнің парқын сездірген көптен,

Мектебі – мынау асылын төккен.

Тағы да жырға қосамын бүгін,

Алтын ұямды, білім үйреткен.

 

Сен берген білім бойға дарысын,

Пайдаланбасам болар әрі сын.

Даңқыңды көкке асырамын әлі,

Атыңды бүкіл әлем танысын.

 

Мектебіме 30 жыл бүгін,

Ұмытылмастай өтсінші бұл күн.

Алтын әріппен жазылсын атың,

Мерейтойың тойлансын дүркін.

Мухашев Нурсултан

3 “Б” класс оқушысы

Саялы мектебім

Алтын ұя мектебім аялаған,

Бар балаға білім беріп сая болған.

Үлкен жолға түсіріп шәкірттерін,

Жаманға да жақсыға пана болған.

 

Еркелігін көтеріп әр баланың,

Сусындатып білімнің тұнығынан.

Саған қарыз бар пенде ғаламдағы,

Нәр алып ұшып шыққан

қойыныңнан.

Жақсылық Айсұлу

6 “А”класс оқушысы

Мерейлі алтын ұям

Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,

Алтын ұя, ақ босаға киелі,

Қанат қаққан білім алып өзіңнен,

Күллі шәкірт саған басын иеді.

 

Мектептің құтты болсын мерейтойы,

Ұстаздардың орындалсын

арман ойы.

Мектебімнің тасы өрге домалап,

Өсе берсін алтын ұя мерейі.

Айнағұлова Диана

5 “Б” класс оқушысы

Мектебіме арнаймын

Арайлы алтын ұя мектебіміз,

Нәр алып бір өзіңнен көктедік біз.

Тарыдай боп кіргелі бір өзіңе,

Таудай болып ұшуға беттедік біз.

 

Біліммен өрге шырқар ұрпағымыз,

Үйреткен білім нәрін ұстазымыз.

Киелі, ыстық ұя үйіміздей,

Мектепте өтер талай қыс, жазымыз.

 

Мектебім-алтын ұям,асқар шыңым,

Қадірлеп, құрметтеймін

таппай тыным.

Биік шыңдай мектебім тірек болып

Болашағы жарқын болсын

жастарыңның.

Айып Нұрсұлу

5 “Б”класс оқушысы

Тәуелсіздік ұраны

Тәуелсіздік мәңгіліктің ұраны,

Шалқи түссін азаттықтың жыр,әні.

Бабалардың аманатын ақтаған,

Жасай берсін қазағымның ұланы!

 

30 жылда ел еңсесі шалқыған,

Айналдым мен ата-баба салтынан.

Еліміздің мәртебесі өрлесін,

Айырмасын бізді осы қалпынан.

 

30 жылда мектебіміз құрылған,

Ұстаздардан қара шаңырақ

құрылған.

Шәкірттері түлеп ұшты қалықтап,

Түрлі маман иесі боп жарқырап.

Асқар Алтын

2 “А” класс оқушысы

Құтты болсын 30 жас.

Артқа тастап отыз жылдың өткелін,

Егеменді елімменен көктедің.

Құтты болсын отыз атты мерейің,

Қара шаңырақ, алтын ұя мектебім.

 

Қазақ тілді қасиет қып сақтаған,

Білімменен болашақтан бақ табам.

Әбілқайыр көшесінде мекені,

Алтын ұям мен өзіңмен мақтанам.

 

Тәуелсіздік дем қосқандай деміне,

Нұрын шашқан Ақтөбемнің көгіне,

Сенен ұшқан талай түлек бүгінде,

Тұтқа болған бүкіл қазақ еліне.

Өміртай Аль Мади 2 “Ә” класс оқушысы